Полиция қазақстандықтардың жеке деректерін заңсыз сатқан деген күдікпен 140 адамды ұстаған

Қазақстанда азаматтардың жеке мәліметтерін интернетте заңсыз сатып, таратумен айналысқан деген күдікпен 140-тан астам адам ұсталған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті хабарлады. Операция Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізілген.

Полицияның мәлімдеуінше, тергеу барысында күдікті топ мемлекеттік базалардан азаматтардың жеке деректерін заңсыз алғаны және Telegram платформасы арқылы таратқаны анықталған. Ол мәліметтер кейбір коллекторлық агенттіктерге де берілген.

"Аталған іс бойынша 140-тан астам адам ұсталды, арасында компания басшылары мен Telegram арналарын жүргізген тұлғалар бар. Бес күдікті қамауға алынды", – деп хабарлады полиция.

Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті жетекшісі Жандос Сүйінбайдың айтуынша, тінту барысында күдіктілерден 400-ден астам компьютер құрылғылары мен өзге де электронды техника тәркіленген.

Полиция аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу, жеке өмірге қол сұғу және дербес деректерді қорғау заңнамасын бұзу, шектеулі электронды ақпаратты заңсыз тарату деген баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Жандос Сүйінбай осы іске қатысы бар барлық адамдар анықталып жатқанын айтты.

Бірақ полиция күдіктілер қай қалада ұсталғанын, олар қандай компанияда жұмыс істегенін нақтыламай, жалпылама ақпаратпен шектелді.